Нугманов Бекес Нугманович
Нугманов
Бекес
Нугманович
рядовой
21.10.1914 - 2.05.1994

История солдата

Есімде мейрам күні егілгені...

Менің атам Нұғыманов Бекес  Шығыс Пруссияда  соғысқанын, қатты  жараланып, қоршауда қалғандарын, кескілескен  ұрыстың нәтижесінде  жау шебін бұзып шыққандарын, келесі бір шайқаста  снарядтың шарқыншағы тиіп, контузия алғанын айтып берген болатын. Әрбір атқан таң, әрбір батқан күн өшпес ерлікке толы еді,- деп еске алатын.  Оған айғақ  кеуделеріндегі ерлігі үшін берілген медальдар мен ордендер. Олар Сталин  қол қойған мақтау грамоталарын өте құнды санайтын, мақтаныш сезіммен көрсетуші еді.

 Жалпы соғыстан қайтқандар 9 мамыр мейрамын қасиетті, киелі деп есептейтін. Әлі есімде Жеңіс мерекесі күні жыл сайын  үйде қонақ күтіп, дастархан жайылып,  атамыз кеудесіне орден, медальдарын тағып, төрде отырушы еді. Оған ауыл тұрғындары, көрші-көлемдер, әкімшілік өкілдері келіп,  құттықтайтын. Дастархан басында  көтеріңкі көңілмен әңгіме соғып отырып, атамыз  жақсылап арақ ішіп, тойлайтын. Содан, мас болып, үнсіз ағыл-тегіл жылайтын. Негізі біздің атамыз алды суық, мінезі қатты, көп сөйлемейтін, сөйлесе орнымен айтатын, білімді, салмақты, ауылда өте сыйлы, құрметті  адам болған. Аузына арақ алмайтын, арақ ішкен кісіні жаратпайтын еді. Сондықтан да біздер, немерелері, осындай «мықты» атамыздың мас болып, жылағанын көріп, таң қалатынбыз, «ата мас, жылап отыр» деп, есіктен сығалап, мысқылдап күлетінбіз.

Бүгін Қадыр Мырзалиев ағамыздың

Мына біреу сұрақ толы көзінде,

Меңіреу жан не естімеді кезінде!

Жарының да естімейді енді ол

«Жаным» деген жалғыз ауыз сөзін де!

 

Мына біреу жүруге сәл жаралған

Оқ орнынан шапшығанда қара қан,

Ағып түскен көзін алып қолына

Аман  қалған көзіменен қараған!

 

Қан ба, тер ме? Самайынан тамшы ағып

Жау шебінде ұмтылғанда жан салып,

Снарядпен қоса кеткен бастарын

Қуа түсіп құлағандар қаншалық.

 

Шолақ қылып кеткен кеше қан майдан

Мына бір жан алады енді қол қайдан?

«Соғыс біткен жойылсын»- деп үндеуге

Жоқ қолы үшін башпайымен қол қойған- деген өлең жолдарын оқимын да, сол сәттерді балалықпен түсінбегенім үшін  өкініп, атамнан  кешірім сұраймын.

Қазіргі кезде атамды сағынып, еске алған кездері «қайран атам» -деймін, туған елден жырақта,  оқ пен оттың, өмір мен өлімнің ортасында, қан кешіп,  омырауын оққа төсеп, қыста мұз жастанып, қар жамылып жүріп, ұрысқа кірген сайын  қызыл өрттің ішінде, жауға жайдай атылған, кескілескен соғыста айрылған  жолдастарын есіне түсіріп, қиналады екен ғой...

Осындай соғысқа қатысқан әрбір адамды батыр деп тануымыз керек.

Атамыз 1994 жылы 2 мамырда, Жеңіс мерекесі алдындам өмірден озды. Ол кісі ортамызда жоқ болғанымен, жыл сайын 9 мамыр  күні атамыздың басына барып, оны еске алу біздер,  яғни оның ұрпақтары үшін  отбасылық дәстүрге айналды.

Аталарымыздың  өткен өмір жолын,  ерліктерін, елге сіңірген еңбектерін құрметтеп мақтан тұтайық.

Барша халқымызды келе жатырған Ұлы Жеңіс күнімен шын  жүректен құттықтай отырып, Еліміз өркендей берсін, жер бетінде бейбітшілік  орналсын. Ендігі жерде  Ұлы Отан Соғысы, оның батырларының ерлігі ертегіге айналсын, жер бетінде ананы баладан, әйелді жардан,  бауырларды, туыстарды бір-бірінен айыратын сұм соғысқа жол берілмесін деп тілейміз.

      Ж.Б. Ешпанова

Регион Республика Казахстан
Воинское звание рядовой
Населенный пункт: Уральск
Место рождения Уральская область
Дата рождения 21.10.1914
Дата смерти 2.05.1994

Автор страницы солдата

Страницу солдата ведёт:
История солдата внесена в регионы: